Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Жоғары IT-колледжінің бірінші курс студенттері Шығыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Өскемен қаласының мамандандырылған сәбилер үйі» КМКК-на барды.

Студенттер мекеме тәрбиеленушілері үшін қызықты ойындар мен көңілді ойын-сауық бағдарламасын ұйымдастырып, жағымды тосынсыйлар дайындады. Бұл күні олар балаларға қуаныш сыйлап, қамқорлық пен мейірім танытып, жарқын әсерлер сыйлауға тырысты. Кездесу сыйлықтар табысталып, ізгі тілектер айтумен аяқталды.

Осындай қайырымдылық бастамалар жастардың бойында жауапкершілік, мейірімділік және жанашырлық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді, ал балаларға шынайы қуаныш, жарқын әсерлер мен бақытты сәттер сыйлайды. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Жоғары IT-колледжі адамдарды ізгілікке үндейтін және қоғамға жылулық сыйлайтын игі дәстүрлерді қолдауды жалғастыра береді.