2026 жылғы 13 қарашада Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің 4-курс студенттері «Туған жер – алтын бесігім» облыстық жобасы аясында өткен кәсіптік бағдар беру іс-шарасына қатысты.
«Жастарға мүмкіндік – ауданға болашақ» кездесуінде студенттер Шемонаиха ауданындағы жұмысқа орналасу және кәсіби даму мүмкіндіктерімен, өңір кәсіпорындарындағы еңбек жолын бастау перспективаларымен, сондай-ақ жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен танысты.
Іс-шара барысында жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары мен мансаптық мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды. Студенттер «Востокцветмет» ЖШС, «Востокэнерго» ЖШС және өзге де кәсіпорындардың қызметі туралы мәлімет алып, өндірістік тәжірибеден өту, жұмысқа орналасу және кәсіби өсу жолдары жөнінде ақпарат алды.
Жоба аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ұжымы «Туған жер – алтын бесігім» жобасын іске асыруға қосқан үлесі, ауданмен ынтымақтастықты дамытуы және жастарға кәсіптік бағдар беру бағытындағы белсенді жұмысы үшін Шемонаиха ауданы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Мұндай іс-шараларға қатысу болашақ түлектердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, өңірлік еңбек нарығының сұранысын тереңірек түсінуіне және университеттің Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыс берушілермен байланысын нығайтуға ықпал етеді.