25 сәуір күні «Самал» саябағында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жатақханаларында тұратын студенттер арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа деген қызығушылықты арттыру және студенттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту.
Жарысқа бірнеше команда қатысып, өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті. Қатысушылар жоғары деңгейдегі дайындықтарын, ұйымшылдықтарын және жеңіске деген жігерлерін танытты. Әр кездесу қызықты өтіп, қатысушылар мен көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Футбол – әлемдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Осындай жарыстар студент жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, дене белсенділігін арттыруға және командалық рухты қалыптастыруға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қатысушылар бір-бірін қолдауды, жауапкершілікті сезінуді және ортақ мақсатқа бірге жетуді үйренеді.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік ойыншылар арнайы марапаттарға ие болды: Атап айтар болсақ, №1 жатақхана студенттері арасында «Үздік шабуылшы» – Шанербекұлы Нұрдәулет (23-ЛДК-1), «Үздік ойыншы» – Қамшыбек Ұлар (25-ЗКК-2). №2 жатақханадан қатысқан Өжетхан Жолсерік (24-РТК-1) – «Үздік шабуылшы», Аманжолов Диас (24-ГТК-1) – «Белсенді қатысқаны үшін» марапатына ие болды. №3 жатақхана ойыншысы Емара Мұстафа – «Үздік қақпашы» атанды.
Іс-шара соңында жеңімпаз командалар мен үздік ойыншылар марапатталып, ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдірді. Осындай шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, студенттердің денсаулығын нығайтуға, азаматтық ұстанымы берік, белсенді әрі ұйымшыл жастар ортасын қалыптастыруға үлес қосып жүрген тәрбиеші-педагог мамандарға ерекше алғысымызды білдіреміз.