Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің қабылдау комиссиясының басшысы Әсел Советбекқызы мен Бизнес мектебінің оқытушысы Алпамыс Айтқазыұлы Өскемен политехникалық колледжінің түлектерімен кәсіптік бағдар беру мақсатында онлайн форматта кездесу өткізді.

Іс-шараның көздеген мақсаты – колледж студенттеріне болашақ мамандық таңдау жолында бағыт-бағдар беру, жоғары білімнің маңыздылығын түсіндіру және университетке түсу тәртібімен жан-жақты таныстыру болды.

Кездесу барысында спикерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру тәртібі, ЖОО-ға өтініш беру мерзімі, оқуға түсуге қажетті құжаттар тізімі сынды маңызды мәселелер бойынша кеңінен танымдық ақпарат берді. Сондай-ақ, қатысушылардың толғандырған сұрақтарына жауап беріп, мамандықтар жайында толық мағлұматтармен бөлісті.

Онлайн кездесуге колледждің бітіруші курс студенттері толықтай қатысып, жоғары оқу орнына түсуге қатысты пайдалы мәліметтер алды. Шара жастардың кәсіби бағдарлануына ықпал етіп, олардың жоғары білім алуға деген қызығушылығын арттырды.

Айта кету керек, мұндай кездесулер ШҚТУ-дың кәсіби бағдар беру жұмыстары аясында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Университет талапкерлермен ашық байланыс орнатуға, олардың таңдау жасауына қолдау көрсетуге және білім алуға қолжетімділікті арттыруға баса назар аударады.