Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде студенттермен маңызды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға қалалық мәслихат депутаты, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Ербол Бақытжан Ерболқызы қатысып, Конституциялық реформалардың негізгі қағидаттарын түсіндіру бойынша мазмұнды дәріс өткізді.
Кездесу барысында спикер елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың мәні мен маңызына тоқталып, олардың басты бағыттары – заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру екендігін атап өтті. Сонымен қатар, жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуының маңыздылығы ерекше айтылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студент жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, Конституциялық өзгерістердің мазмұнын кеңінен түсіндіру және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру болды. Міндеттері ретінде жастарға реформалардың мәнін жеткізу, оларды ел болашағына бейжай қарамауға шақыру, сондай-ақ пікір алмасу арқылы сындарлы диалог алаңын қалыптастыру көзделді. Мұндай ашық пікір алаңдары жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға және ел дамуына деген жауапкершілігін күшейтуге ықпал ететіні сөзсіз.
Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Бақытжан Ерболқызының дәрісі «Евразия және Шығыс Қазақстан» халықаралық жастар форумы аясында өтті.

