Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Бозанбай ауылында жыртқыш құстармен аң аулаудан «Шығыс Салбурыны – 2026» Азияның алғашқы ашық кубогі өтті. Бесінші рет ұйымдастырылған халықаралық фестиваль дәстүрлі аңшылық өнерінің шеберлерін, ұлттық мәдениетті дәріптеушілерді және әлемнің әр елінен келген қонақтарды біріктірді.
Биылғы іс-шараға Қазақстан, Түркия, Ресей, Қытай, Венгрия, Испания, Грузия, Моңғолия, Қырғызстан және Өзбекстан өкілдері қатысты. Жарыс алаңында 176 құсбегі, сондай-ақ тазы өсірумен және баптаумен айналысатын 52 маман өз шеберліктерін көрсетті.
Құсбегілік – қазақ халқының табиғатпен етене байланысын, дүниетанымы мен ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесін танытатын бірегей өнер. Осындай ауқымды шаралар ұлттық мұраны сақтап, оны жас ұрпаққа жеткізуге, этномәдени құндылықтарды кеңінен насихаттауға және халықаралық мәдени диалогті дамытуға мүмкіндік береді.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ұлттық мұраны сақтау мен дәріптеуге бағытталған бастамаларға белсенді қатысады. Фестиваль алаңында университет Digital киіз үйді таныстырып, этнотарихи бағытта жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді қолдану мүмкіндіктерін көрсетті. Бұл – заманауи технологиялардың мәдени мұраны зерттеуге, жүйелеуге және жаңа форматта ұсынуға қалай ықпал ететінінің нақты үлгісі.
Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен келген ШҚТУ студенттері мен шетелдік білім алушылар да қатысты. Олар қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрімен және құсбегілік өнерімен жақынырақ танысып, халықаралық мәдени алмасудың бір бөлігіне айналды. Осындай тәжірибе жастардың рухани және этномәдени дүниетанымын кеңейтіп, тарихи мұраға құрметін, азаматтық жауапкершілігін және ұлттық бірегейлік туралы түсінігін қалыптастырады.
Бұл бағыт Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасымен үндеседі. Университет білімді әрі білікті маман даярлаумен қатар, ұлттық құндылықтарды бағалайтын, рухани кемелдікке ұмтылатын, жауапты және әлемге ашық тұлға қалыптастыруды маңызды міндет деп санайды.
«Шығыс Салбурыны» фестивалі студенттер үшін ұлттық мәдениетті сырттай тамашалайтын шара ғана емес, тарих пен дәстүрді тереңірек танып, олардың қазіргі қоғамдағы орнын түсінуге мүмкіндік берген тағылымды алаң болды. Дәстүр мен технологияның осындай сабақтастығы ұлттық мұраны сақтап қана қоймай, оны жастарға түсінікті әрі заманауи мазмұнда дамытуға жол ашады.