Шығыс Қазақстанда өткен V халықаралық бүркітшілер фестивалі халқымыздың ежелгі дәстүрін дәріптеген, ұлт рухын асқақтатқан ерекше мәдени оқиға болды.
Фестивальге Венгрия, Испания, Қырғызстан, Ресей, Моңғолия және Қытайдан келген бүркітшілері қатысты. Сонымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған саятшылар өз өнерлерін көрсетіп, ұлттық мерейімізді өсірді. Фестиваль аясында Шығыс Қазақстан облысының аудандары өз этноауылдарын ұйымдастырып, өңірдің мәдени келбетін, ұлттық қолөнерін, тағамдарын және тұрмыс дәстүрлерін көпшілікке таныстырды. Әр аудан өз ерекшелігімен көзге түсіп, көрермендерге нағыз этнофольклорлық мереке сыйлады.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттері мен шетелдік білім алушылары, сондай-ақ оқытушыларымыз бұл үлкен мәдени шараға белсене атсалысып, ұлттық спорттық ойындарға,қолөнер шеберлерінің көрмелеріне, және этномәдени бағдарламаларға қатысты.
Өз сөзінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов:
«Саятшылық халқымыздың еркін рухын, биік мұратын бейнелейтін киелі дәстүр. Бұл өнер - батырлық пен мәрттіктің, адалдық пен ерліктің нышаны. Бүгінгі таңда бүркітшілік қайта жанданып, ұлттық брендке айналып отыр. Ата-баба мұрасы – мәңгілік құндылық», – деп атап өтті.
Мұндай фестивальдер жастардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, олардың бойында елдік сана мен рухани құндылықтарды қалыптастыратын маңызды алаң.
Біздің университет жастары осындай шаралар арқылы тек білім алып қана қоймай, өз елінің тарихын, дәстүрін, мәдениетін терең тануға мүмкіндік алып отыр.