Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың корпоративтік хатшысы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің өкілі  Астана қаласында өткен Corporate Governance Forum 2026 ұлттық форумына қатысты.

«Корпоративтік басқару: реформалардан нақты нәтижелерге - болашаққа бағдар» тақырыбындағы форум мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың, директорлар кеңестерінің және кәсіби ұйымдардың өкілдерін бір алаңға жинады. Іс-шараға корпоративтік басқару саласындағы қазақстандық және шетелдік сарапшылар мен тәуелсіз директорлар да қатысты.

Форум барысында директорлар кеңестерінің қызметін жетілдіру, тәуекелдерді басқару, ішкі аудит пен комплаенс жүйелерін дамыту, іскерлік әдеп қағидаттарын сақтау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жасанды интеллектіні корпоративтік басқару үдерістерінде қолданудың мүмкіндіктері мен ықтимал тәуекелдеріне назар аударылды.

Университет үшін тиімді корпоративтік басқару  ашықтықты қамтамасыз ететін және қабылданатын шешімдердің сапасын арттыратын маңызды құрал. Ол басқару органдарының жауапкершілігін нақтылауға, ішкі бақылауды күшейтуге, ықтимал тәуекелдердің алдын алуға және университет қауымдастығы мен серіктестердің сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

ШҚТУ өкілдері форум алаңында жетекші ұйымдардың тәжірибесімен танысып, корпоративтік хатшылармен, комплаенс-мамандармен және басқару саласының сарапшыларымен кәсіби пікір алмасты.

Алынған тәжірибе университеттің корпоративтік басқару жүйесін жетілдіруге, комплаенс мәдениетін дамытуға және басқару үдерістерінің тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыста қолданылатын болады. Форум қорытындысында қатысушыларға сертификаттар табысталды.