31 мамыр – Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі - жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық.

Қуғын-сүргін жылдары ішінде Қазақстан аумағында құрылған лагерьлерге 5 млн астам адам жіберілді.

"Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салды.

Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық" - деп атап өтті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуінде.

Қуғын-сүргін арқылы 100 мыңға жуық қазақстандық өтті. 20 мыңы атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары болды.