Жаңа оқу жылы қарсаңында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті «Әділет» партиясының «Мектепке нық қадаммен!» республикалық қайырымдылық акциясына қолдау көрсетті.
Ізгі бастама аясында академиялық мәселелер жөніндегі проректор А. Мәшекенова әріптестерімен бірге ерекше қамқорлық пен қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына мектеп рюкзактары мен қажетті оқу құралдарын табыстады.
Жаңа сөмкелер, дәптерлер, кеңсе тауарлары және сабаққа қажетті басқа да құралдар балалар үшін жаңа оқу жылына арналған сыйлық қана емес, шынайы қуанышқа айналды. Оқушылар мектеп жиынтықтарын қызығушылықпен қарап, алған әсерлерімен бөлісті. Мұндай көңіл мен қамқорлық олардың білім әлеміне сенімді қадам басуына серпін береді.
Қайырымдылық және әлеуметтік бастамаларға қатысу – университеттің қоғамдық қызметінің маңызды бағыттарының бірі. ШҚТУ сапалы білім беріп, сұранысқа ие мамандар даярлаумен қатар, қоғамда өзара қолдау, жауапкершілік және жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді.
Осындай акциялар адамдарды игі істер төңірегіне біріктіріп, тіпті шағын көмектің өзі балаға қуаныш, сенім және қамқорлық сезімін сыйлай алатынын көрсетеді. Әрбір оқушының жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен және табысты білім алуға қажетті құралдармен бастауы аса маңызды.
ШҚТУ барша оқушыларға қызықты да жемісті оқу жылын, жаңа жетістіктер, сенімді достар және толағай табыс тілейді!