Құрметті ардагерлер, тыл еңбеккерлері, қызметкерлер және студенттер!

Сіздерді Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

9 Мамыр - әр отбасы, әр ұрпақ үшін ерекше күн. Бұл  бейбіт өмір мен болашақ үшін ауыр сынақтарды еңсерген жандарға тағзым етіп, олардың ерлігіне деген шексіз алғыс пен мақтаныш сезімін білдіретін қастерлі мереке.

Біз ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігіне әрдайым зор құрметпен қараймыз. Олардың батылдығы, қайсарлығы, жанқияр еңбегі мен Жеңіске деген сенімі - баршамыз үшін өмірлік өнеге. Сол буынның қажыр-қайратының арқасында бүгінгі ұрпақ бейбіт аспан астында өмір сүріп, білім алып, еңбек етіп, болашаққа сеніммен қарай алады.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті үшін де бұл күннің мәні ерекше. Университет қабырғасында әр жылдары 60-тан астам Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен 100-ден астам тыл еңбеккерлері еңбек етті. Олардың кәсібилігі, өмірлік тәжірибесі, елге деген адалдығы мен еңбекке деген жауапкершілігі университет тарихының ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде олардың жарқын жолы мен өнегелі өмірі жас ұрпаққа рухани күш пен патриоттық тәрбие береді.

Жас ұрпақ үшін бұл күн - тек тарих қана емес, Отанға деген сүйіспеншіліктің, бірліктің, адамгершілік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Аға буынға құрмет көрсету, тарихи жадымызды сақтау және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру - біздің рухани құндылықтарымыздың негізі.

Осы жарқын әрі жүрекке жылу сыйлайтын мерекеде ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жақындарының қамқорлығы мен мейірімін тілейміз. Әр шаңыраққа бейбітшілік, амандық, береке мен татулық тілейміз.

Ұлы Жеңіс туралы жарқын естелік жүрегімізде мәңгі сақталып, ел бірлігі мен бейбіт өмірдің қадірін ұғындыра берсін!

Жеңіс күні құтты болсын!