18-қазан 2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты арнайы жобасы негізінде «Гуманитарлық білім беру» факультеті құрамындағы «Алтын бесік - Мұзтау» тарихи-өлкетанулық студенттік клубының отырысы өтті.

Аталмыш шарада Қазақстан аумағына танымал, Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Саржыра ауылының тумасы Оңдасын Елубаймен ашық әңгіме-дәріс болды.

Оңдасын Елубай - «Қазақ спорты» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің, бірнеше медальдардың иегері, «Қазақстанның құрметті спорт қайраткері», Өскемен қаласының,Зайсан ауданының құрметті азаматы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры   атақтарына ие.  

Кеш қонағы  ретінде Жазушылар Одағының төрағасы, ақын, жазушы Әлібек Қаңтарбаев шақырылды. Ол кісі Оңдасын Елубай туралы құнды мәліметтермен бөлісті.

«Алтын бесік - Мұзтау»  клуб отырысы барысында басты кейіпкердің журналистік өмір жолына шолу жасалынып, шығармашылығындағы қол жеткізген жетістіктері, еңбектері жайлы айтылды.

Жаһанды жалпағынан басқан нағыз жиһанкез атанған журналист ағамыздың шет елдегі іс-сапарлары студенттердің аса қызығушылығын тудырды. Клуб мүшелері тарапынан Оңдасын ағаға бірқатар сұрақтар қойылды. Кездесу жастарға патриоттық және адамгершілік тәрбие беруде маңызды үлес қосты!

Шара соңында Оңдасын Елубайдың авторлық еңбектері «Өмірді суретпен өрнектеген» атты танымдық фото альбом кітабы және «Айшылық алысқа алты сапар» атты еңбегі ШҚМТУ-дың кітапхана қорына сыйға тартылды. 

Білім ордасы атынан кеш тұлғасына университеттің белгілері бар сыйлықтар ұсынылып, Алғыс хатпен марапатталды.

Аталмыш шара ШҚМТУ-дың әр факультеттері студенттерінен құрылған «Алтын Бесік - Мұзтау» клуб мүшелерінің көңілдерінен шықты.

Келекшек инженерлер мен менеджерлер үшін елімізге танымал тұлғалармен кездесулер ұйымдастыру әрқашан жалғасын табады деген сенімдеміз!

Кафедра Рухани жаңғыру