2026 жылғы 4 ақпанда Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Дүниежүзілік сайлау күніне арналған ақпараттық-танымдық кездесу өтті. Аталған іс-шараны қалалық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Қасымов А. өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты — жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру және олардың демократиялық үдерістерге саналы әрі белсенді қатысуына ықпал ету болды.

Кездесу барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының сайлау жүйесінің қалыптасуы мен даму кезеңдері, сондай-ақ оның ел тәуелсіздігінің тарихымен тығыз сабақтастығы жөнінде жан-жақты мәлімет берілді. Сайлаудың азаматтардың ерік-жігерін білдірудің маңызды тетігі және демократиялық мемлекеттің негізгі институттарының бірі ретіндегі маңызына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар студенттер жастардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуының маңызын, электоралдық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін және әрбір азаматтың мемлекеттің болашағы үшін жауапкершілігін талқылады. Белсенді азаматтық ұстаным мен сайлау үдерісіне қатысу демократиялық құндылықтарды нығайтуға және азаматтық қоғамды дамытуға ықпал ететіні атап өтілді.

Осындай мазмұндағы кездесулерді ұйымдастыру жас сайлаушылардың сайлаудың мәні мен маңызын терең түсінуіне, мемлекет өміріндегі өз рөлін саналы түрде ұғынуына және қоғамдық маңызы бар шешімдерді қабылдауға жауапкершілікпен қарауына мүмкіндік береді.