Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғылыми тобы «Пәнаралық травматология және ортопедия: диагностикадан оңалтуға дейін» атты XIII халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Іс-шара Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының құрылғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

ШҚТУ атынан BR24992786 «Отандық медициналық аспаптар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың үлгілерін жасау технологиясын әзірлеу» ғылыми бағдарламасының қатысушылары: ғылыми жетекші, бас ғылыми қызметкер Б.Н. Азаматов, бас ғылыми қызметкер М.А. Саденова, ғылыми қызметкер Д.С. Догадкин және инженер К.Е. Апбазов қатысты.

Конференция қатысушыларына Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма төрағасы - ректор Сәуле Рахметуллина құттықтау сөз арнады. Отандық медициналық инженерияны дамытуға қосқан үлесі үшін университет ұжымына естелік мүсінше табысталды.

Халықаралық конференция Қазақстан мен шет елдерден келген 600-ге жуық травматолог-хирургті, ортопедті, ғалымды және басқа да бейінді мамандарды біріктірді. Қатысушылар пациенттерді диагностикалау, емдеу және оңалтудың заманауи тәсілдерін, жаңа хирургиялық технологиялар мен оларды клиникалық тәжірибеге енгізу мүмкіндіктерін талқылады.

Конференция аясында медициналық жабдықтар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылды. ШҚТУ ғалымдары BR24992786 бағдарламасы бойынша әзірленіп жатқан материалдар мен ғылыми-техникалық шешімдерді таныстырды. Жоба аддитивті өндіріс, компьютерлік модельдеу, материалтану және сандық бағдарламалық басқаруы бар станоктарда өңдеу технологияларын қолдана отырып, травматология мен ортопедияға арналған отандық медициналық аспаптар мен бұйымдарды жасауға бағытталған.

Ұсынылған үлгілер медицина қауымдастығының қызығушылығын тудырып, қазақстандық және шетелдік мамандардың оң бағасына ие болды. Көрмеге қатысушылар дәрігерлердің тәжірибелік сұраныстарын ескере отырып, бұйымдарды одан әрі жетілдіру, сынақтан өткізу және қолданысқа енгізу мүмкіндіктерін талқылады.

Хирургтер мен травматологтермен тікелей пікір алмасу ғылыми топ үшін айрықша маңызды. Дәрігерлердің кәсіби бағасы әзірленіп жатқан бұйымдардың функционалдық, эргономикалық және пайдалану сипаттарына қойылатын талаптарды нақтылауға мүмкіндік береді. Инженерлік шешімдер мен клиникалық тәжірибені ұштастыратын мұндай пәнаралық жұмыс отандық әзірлемелерді тәжірибеде қолдануға жақындатады.

Конференция қорытындысында ШҚТУ ғалымдары жаңа ғылыми және іскерлік байланыстар орнатып, ынтымақтастық жөнінде ұсыныстар мен алдағы бейінді іс-шараларға қатысуға шақыртулар алды.

Конференцияға қатысу ШҚТУ әзірлемелерін кәсіби ортада ілгерілетудің маңызды кезеңіне айналды. Бағдарламаны жүзеге асыру отандық медициналық инженерияны дамытуға, импорттық бұйымдарға тәуелділікті азайтуға және Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне арналған бәсекеге қабілетті шешімдер жасауға бағытталған.