Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде 20-25 қазан аралығында Қазақстан Республикасының басты ұлттық мерекесі – Республика күніне арналған «QAZAQSTAN: БІРЛІК. БІЛІМ. БОЛАШАҚ» атты бес күндік іс-шаралар апталығы өтуде.

Апталықтың мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және университет қауымдастығының бірлігін нығайту.
Мерекелік апталық аясында студенттердің шығармашылық, зияткерлік және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыруға бағытталған бірқатар танымдық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Апта бойы университеттің фойесінде сағат 08:00-ден бастап патриоттық әндер шырқалып, бас ғимараттың теледидарларында Республика күніне арналған бейнероликтер мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көрсетілуде. Бұл бастама университетте мерекелік көңіл күй қалыптастырып, білім алушылар мен қызметкерлердің патриоттық рухын көтеруге ықпал етті.

Апталық «MIC ON: «Республика күні»» атты экспресс-сұхбатпен басталды. Ашық микрофон форматында өткен кездесуде студенттер мерекенің тарихи маңызы туралы ой бөлісіп, ел болашағына қатысты пікірлері мен ізгі тілектерін жеткізді.

«ULTTYQ VIBE» жобасы аясында студенттер ұлттық киімдер мен заманауи стиль элементтерін үйлестіріп, домбыра әуенімен ерекше фото және бейнематериалдар әзірледі. Жоба ұлттық мәдениетті жастар арасында кеңінен насихаттауға және ұлттық құндылықтарды әлеуметтік желілерде дәріптеуге бағытталды. Сондай-ақ, әр қызметкер мен студенттер еліне деген өздерінің ақжарма тілектерін «Қыран елім – Қазақстаным» атты тақтаға жазып қалдырды.

22 қазан күні университеттің Ғылыми кітапханасында «Жаса, менің Қазақстаным!» атты интерактивті кітап көрмесі өтті. Көрмеге университет пен колледж студенттері қатысып, еліміздің тарихы, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен мемлекеттіліктің қалыптасуына арналған құнды еңбектермен танысты.

Республика күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шарада Басқарма төрағасы – Ректор жоғары білім мен ғылымды дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін университеттің оқытушылары мен қызметкерлерін Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттады. Концерттік бағдарламада студенттер патриоттық әндер орындап, ұлттық күйлерді әуелетіп, би өнерін ұсынды. Өнерлі жастардың өнер көрсетуі көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Апталықтың бағдарламасы алдағы күндері де мазмұнды іс-шаралармен жалғасады. 23 қазан күні Студенттер үйінде белсенді жастардың қатысуымен «25 қазан – Республика күні» тақырыбында дөңгелек үстел өткізу жоспарланған. Кездесу барысында мемлекеттің даму перспективалары, жастардың қоғамдық бастамаларға қатысуы және азаматтық жауапкершілік мәселелері талқыланады.

24 қазанда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Әділет CUP» қалалық зияткерлік пікірсайыс турнирі өтеді. Қала жастарының басын қосатын турнирде қатысушылар құқықтық мәдениет, әділеттілік және жауапты азаматтық ұстаным тақырыптарында пікір алмасып, өздерінің шешендік және сыни ойлау қабілеттерін көрсетеді.

Апталықтың қорытындысы ретінде 25 қазан – Республика күніне орай ұйымдастырылатын қалалық флешмобқа ШҚТУ студенттері де қатысады. Патриоттық рухтағы бұл бастама жастардың елге деген сүйіспеншілігін, бірлігі мен ортақ мақсатқа деген ұмтылысын айшықтауға бағытталған.

«QAZAQSTAN: БІРЛІК. БІЛІМ. БОЛАШАҚ» апталығы – ұлттық мерекенің мәнін жастарға терең түсіндіруге, елдік құндылықтарды дәріптеуге және университет қауымдастығының азаматтық бірегейлігін нығайтуға бағытталған маңызды бастама.