Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті студенттері мен оқытушысы халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Польшаға шақырту алды. Университеттің үш өкілі NAWA PROM Programme for International Scholarship Exchange бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.

Бағдарлама аясында университеттен 1 бакалавр студенті, 1 докторант және 1 оқытушы Польшадағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Maria Curie-Skłodowska University университетіне шақырту алды.
Тағылымдамадан өтетін университет өкілдері:

  • Нұрпейісов Алтай Елтайұлы – Жер туралы ғылымдар мектебінің Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі білім беру бағдарламасының 2 курс бакалавр студенті (24-БЖК-1 тобы);
  • Тоқтағанов Тоғжан Шалқарұлы – Жер туралы ғылымдар мектебінің Жасыл химия және тұрақты даму білім беру бағдарламасының докторанты;
  • Идришева Жанат Қабылбековна – Жер туралы ғылымдар мектебінің профессоры.

Сапардың негізгі мақсаты – Польша университетінде ғылыми тағылымдамадан өту, халықаралық ғылыми тәжірибе алмасу, заманауи зерттеу әдістерімен танысу және академиялық ынтымақтастықты дамыту.

NAWA PROM Programme for International Scholarship Exchange – Польша Республикасының академиялық алмасу жөніндегі ұлттық агенттігі жүзеге асыратын халықаралық бағдарлама. Бағдарламаның мақсаты – әртүрлі елдердің университеттері арасындағы ғылыми және білім беру ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ студенттер, докторанттар мен оқытушылардың халықаралық академиялық ұтқырлығын арттыру.

Бағдарлама Польша үкіметі мен Еуропалық Одақтың білім мен ғылымды қолдауға бағытталған қорларының бірлескен қаржыландыруы (софинансирование) арқылы жүзеге асырылады. Бұл бастама халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтіп, зерттеушілердің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Аталған тағылымдама Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен шетелдік университеттер арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға және университеттің халықаралық деңгейдегі академиялық беделін арттыруға ықпал етеді.