Қазақ әдебиетімен қауышқан ерекше күн Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Foundation бағдарламасы тыңдаушылары Шығыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында ұйымдастырылған «Қазақ әдебиеті Live» атты зияткерлік викторинаға қатысып қайтты. Шараның мақсаты – жасөспірімдердің ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, білімін тереңдету және шығармашылық ойлауын дамыту.
Викторина Kahoot форматында өтіп, қатысушыларға қазақ әдебиетінің классиктері мен қазіргі заман қаламгерлеріне қатысты сұрақтар ұсынылды. Балалар тапсырмаларға ерекше қызығушылық танытып, белсенділік көрсетіп, өз білім деңгейін паш етті.
Шараның ерекше сәттерінің бірі – тыңдаушылардың әлемге әйгілі қазақстандық бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызымен кездесу болды. Жастарымыз батылдық пен табандылық жайлы құнды ой түйіп, өздеріне үлкен мотивация алды.
Сонымен қатар қатысушылар кітапханадағы ұлттық мұражайды аралап, ондағы тарихи жәдігерлермен, мәдени экспозициялармен және түрлі бөлімдердің қызметімен танысты.
Foundation бағдарламасының студенттері үшін өткізілген бұл шара олардың рухани дүниесін байытып қана қоймай, әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырды. Ұйымдастырушылар мұндай тағылымды іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.