Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да «Референдумнан кейінгі қоғамдық диалог: Халық Кеңесінің жаңа мүмкіндіктері» атты диалог алаңы өтті. Іс-шара республикалық референдум қорытындыларын талқылауға және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында көзделген нормаларды іске асыру бағыттарын қарастыруға арналды.
Аталған жиын мемлекеттік органдар өкілдерін, ғылыми және сарапшылық қауымдастықты, азаматтық қоғам институттарын және этномәдени бірлестіктерді біріктірді. Талқылаудың басты тақырыбы - мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтатын, азаматтардың басқару шешімдеріне қатысуын кеңейтетін жаңа қоғамдық институт- Халық Кеңесін қалыптастыру және дамыту мәселесі болды.
Диалог барысында қатысушылар референдумда қабылданған жаңа Конституция қоғамдық бақылауды күшейтуге, демократиялық үдерістерді дамытуға және азаматтардың ел басқарудағы рөлін арттыруға нақты мүмкіндіктер беретінін атап өтті.
Іс-шарада өңірдің жетекші сарапшылары мазмұнды баяндамалар жасады:А. Әшімова, ШҚО талдау және болжау институтының директоры, ШҚО Қоғамдық кеңесінің төрайымы «Референдумнан шынайы қатысуға дейін: азаматтардың билік шешімдеріне әсер етуінің жаңа құралдары» тақырыбында баяндама жасап, халықты шешім қабылдау үдерістеріне тартудың тиімді тетіктеріне тоқталды. Р. Юнусов, «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы» КММ басшысы, жаңа кезеңдегі қоғамдық диалогты дамытуда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөліне назар аударды. Ю. Натарова, «ЗУБР» әлеуметтік корпоративтік қоры директорының орынбасары, үкіметтік емес ұйымдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясы арасындағы өзара іс-қимыл тәжірибесін ұсынып, олардың Халық Кеңесімен жұмыстағы әлеуетін атап өтті. Ж. Буканова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша филиалының директоры, Халық Кеңесінің мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды институт ретіндегі орнын айқындады. Н. Краснобаева, ШҚО ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының төрайымы, өңірдің ғылыми-талдамалық әлеуетін қоғамдық үдерістерде тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Қатысушылар Халық Кеңесін құру жаңа Конституцияда бекітілген «еститін мемлекет» қағидатын іске асырудағы маңызды қадам болатынын жеткізді. Бұл институт қоғамдық қатысуды жүйелі түрде дамытып, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға және қоғам мен билік арасындағы кері байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.