Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі Н.М.Темірбеков университет студенттерімен кездесу өткізді. Бұл дәстүрлі шарада студенттер өмірі, оқуы жан-жақты әңгіме болды. Кездесуге «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Бақыт Маржан қатысты. Ол ұйымның жұмысы туралы айтып берді.

Әңгіме барысында Нұрлан Темірбеков ЖОО-ның биылғы жылғы жетістіктеріне тоқталды. ЖОО бакалавриат пен магистратураның 13 бағдарламасы бойынша халықаралық аккредитациядан табысты өткенін, қазір 20 бағдарлама бойынша аккредитацияға әзірлік жасалып жатқанын хабарлады. Үстіміздегі  айда университет тәуелсіз аккредитация және рейтинг агенттігінің сараптау комиссиясынан жоғары баға алды.

Жыл сайын ЖОО-ға шетелдік профессорлар шақырылады, студенттер «Академиялық ұтқырлық»  бағдарламасы бойынша шетелге барады,-деді ректор.-Биыл бірқатар халықаралық ғылыми конференциялар өтті, біздің студенттер олимпиадаларға, универсиадаға қатысып, жүлделі оралды.

Студенттік өзін-өзі басқару кеңесінің төрайымы  Айдана Дәлелова студенттерге университет жақсы жағдай туғызып отырғанына тоқталды.

Кездесу соңында студенттер ректорға өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Олардың арасында студенттердің кешке және сенбі күндері тамақтануы, кітапхана қорын қазақ тіліндегі кітаптармен толықтыру, шағын топтар, тәжірибеден өтудің төлемі және басқа мәселелер бар. Әр сұраққа жан-жақты жауап қайтарылды.