Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті өзі орналасқан өңіріндегі ең үздік, техникалық білім беретін жоғары оқу орындары арасында еліміздің алдыңғы қатарлы білім ордасы. Жаңа ғасырда университет халықаралық мәртебесін бекітіп, стратегиясы мен мүддесін әлемдік аренаға бағыттап отыр.

Университеттің жоғары жетістіктерін географиялық орналасқан жері, болмаса, материалдық техникалық базасымен ғана байланыстыру қате пайым. Мұнда түрлі ұйымдармен серіктестікті, ынтмақтастықты, ғылым мен тағылымдама негізіндегі тәжірибе алмасуларды, ең бастысы дипломатияны да қоса кеткен жөн. Соңғы аталған артықшылықтар бойынша университет пен үздік кәсіпорын Қазмырыштың тығыз серіктестігін мысалға келтіруге болады.

Жылдармен сыналған достастық нәтижесінде, университет пен компания мамандары бір ұжымдай әрекеттестікке көшті. 2011 жылы арнайы жоба аясында «Қазмырыш» жанында ШҚТУ филиалы ашылып, оқу ордасының студенттері болашақ қызметіне сан қадам жақындады. Жоба білім алушылардың теориялық, тағылымдамалық жұмыстарын қатар алып жүруге жол ашты. Бірінші оқу жылында мұнда 124 маман түлеп шықты. Жыл өте бұл көрсеткіш 10 есеге артса, соңғы үш жылда 1705 адам тәжірибеден өтетін болды.

Осы пост жазылуы үстінде техникалық университет өз төрінде Венгрия, Германия, ҚХР елдерімен кездесулер, келіссөздер өткізіп жатты. Жоғары оқу орнының халықаралық қарым-қатынасы серіктестерімізге де жаңа таныстық орнатуға мол септігін тигізетіні сөзсіз. «Қазмырыш» компаниясы тек Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ білімін емес, Германия, Австрия елдерінің де техникалық университеттері білімінен сусындауға мүмкіндік алып отыр.

Компания университеттің әлеуметтік мәдени, шығармашылық, спорттық іс-шараларының демеушісі. Соңғы жылдары, жастарды бұқралық спортқа шақырудағы рөлін ерекше атап өту қажет. Мәселен, былтыр «Қазмырыш» ЖШС Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-ға 53 млн теңгеге жазғы спорттық кешенін тұрғызып берді.

Әрине, өңірдегі үздік университет пен қазақстандық үздік компанияның қарым-қатынасы туралы әңгіме тарқата берсе, бірге жүргізіп жатқан ғылым-зерттеу, тәжірибелік жұмыстарының барысы, нәтижесі туралы баяндама әлдеқайда ұзақ болары сөзсіз. Ал, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – кәсіпкерлік пен ғылымды, жастарды қолдауда «Қазмырыш» еліміздің көптеген компанияларына айтқысыз үлгі.