10.04.2026 ж. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да Халықаралық инженерия мектебі ұйымдастырған мектеп оқушыларына арналған жарқын әрі мазмұнды Ғылым күні өтті!
10–11 сынып оқушылары келесі пәндік олимпиадаларға қатысты:
- «Жас математик», Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың қазақ тілінде оқытылатын факультетінің алғашқы деканы, математик Т.Ғ. Жантасовқа арналған.
- «Жас химик»
- «Жас физик»
Сонымен қатар математика, физика және химия бағыттары бойынша жобаларды қорғау байқауы өтті. Қатысушылар өз білімдерін, зерттеушілік дағдыларын және креативті ойлау қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша мектептер арасында «Үздік команда» атағы үшін кубоктар табысталып, бұл іс-шараға ерекше бәсекелестік рух сыйлады.
Салтанатты рәсімнің ерекше сәті – Т.Ғ. Жантасовтың шәкірттерінің сөз сөйлеуі болды. Олардың қатарында Туғанбаев Бахыт, Амантай Байгендиров, Әбді Қиялбайұлы, Рысқайша Атанчинова, Болат Нұрасыл, Қайрат Кәрібаев, Серік Ақтанов және Жанна Искакова бар. Олар ұстаздарына алғыс білдіріп, болашақ талапкерлерге жігер беретін ақ тілектерін айтты.
Марапаттау рәсіміне Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Қонурбаева Жадыра Түсіпқанқызы қатысты. Өз сөзінде ол іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, Т.Ғ. Жантасовқа құрмет білдіріп, барша қатысушыларды университеттегі Ғылым апталығымен құттықтады.





