Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің №1 жатақханасында студенттер арасында профилактикалық бағыттағы маңызды кездесу өтті. Іс-шараға университеттің медициналық орталығының қызметкері А.Ж. Төлебаева қатысып, студенттермен мазмұнды әңгіме жүргізді.

Кездесу тақырыбы – «Есірткі, никотин, алкоголь және энергетикалық сусындардың адам ағзасына әсері». Аталған тақырып аясында жастар арасында кең таралған зиянды әдеттердің денсаулыққа тигізетін кері әсері жан-жақты талқыланды.

Іс-шара барысында маман студенттерге есірткі, темекі өнімдері, алкоголь және энергетикалық сусындардың жүйке жүйесіне, жүрек-қан тамырларына, бауырға және жалпы ағзаға келтіретін зияны туралы нақты әрі түсінікті ақпарат берді. Сонымен қатар тәуелділіктің алғашқы белгілері, оның психологиялық және физиологиялық салдары, сондай-ақ одан арылу жолдары кеңінен түсіндірілді.

Ерекше назар адамның ерік-жігерінің маңыздылығына, сондай-ақ отбасы мен жақын ортаның қолдауының рөліне аударылды. Спикер салауатты өмір салтын ұстанудың артықшылықтарын атап өтіп, жастарды спортпен айналысуға, дұрыс тамақтануға және зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.

Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кәсіби кеңестер алды. Мұндай ашық диалог жастардың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттыруға және зиянды әдеттердің алдын алуға ықпал етеді.

Аталған іс-шараны №1 жатақхананың педагог-тәрбиешілері ұйымдастырып, студенттердің бос уақытын тиімді өткізуге және олардың салауатты өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруға бағыттады.