Бүгін университетімізге ҚР Мәжілісінің депутаты Саиров Ерлан Бияхметұлы келді. Білім беруді жаңғырту және ғылымның ел дамуына қосар үлесін арттыру мәселелері - стратегиялық маңызы бар бағыттар. Қазақстанның алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарының бірі саналатын университетке келуі - еліміздің технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуде инженер кадрларды даярлаудың маңыздылығын айқындайды.

Сапар аясында Ерлан Бияхметұлы құрылыс саласындағы құзыреттілік және трансферт орталығы, "Қорғаныс және функционалдық жабындар" ғылыми орталығы, "Smart engineering" құзыреттілік орталығы мен Лу Бань шеберханасында болды. Бұл құрылымдармен танысу депутатына университеттің ғылыми инфрақұрылымын, еліміздің экономикасы мен өнеркәсібінің нақты секторына енгізуге болатын инновациялық әлеуетін өз көзімен көруге мүмкіндік берді, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың қажетті тұстарын анықтауға жол ашты.

Сонымен қатар, сапар барысында университеттің жас ғалымдарымен кездесу өтті. Жас әріптестеріміз өздерінің ғылыми жобалары мен әзірлемелерін таныстырды. Жас ғалымдарға арнаған сөзінде Ерлан Бияхметұлы бүгінгі таңда Қазақстанның алдында тұрған маңызды міндет - жаңа деңгейдегі экономикаға көшу екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде жаңа технологиялық шешімдерді қажет етеді, әсіресе сирек кездесетін жер металдарын игеруге басымдық берілетін тау-кен өндірісі саласында. «Сіздердің осы бағыттағы әзірлемелеріңіз бірегей, сондықтан университет басшылығына, жас ғалымдарға алғысымды білдіремін. Сіздер - еліміздің болашағысыздар!» - деді депутат.

Бұл сапар академиялық қауымдастық пен заң шығарушы билік өкілдері арасындағы ашық диалогқа арналған маңызды алаң болды. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орны ретіндегі позициясын нығайта отырып, өңір мен тұтас Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуда.