Желтоқсан айының 2 жұлдызы күні университетімізде бүгінгі абитуриент, ертеңгі студенттер үшін цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебінің ашық есік күні өтті. Абитуриенттерімізге оқу-ісі жөніндегі проректор Нұрбек Пажарбекұлы IT-саласы бойынша қазіргі трендтер мен университеттің осы саладағы дамуы, жетістігі және жүзеге асырылып жатқан жалпы жобалар мен жоспардағы міндеттерді таныстырды.

Абитуриенттер назарына университет жетістіктері, студенттің цифрлық университеттегі бір күндік тынысы, алыс шетелде еңбек етіп жүрген мектеп түлегі өз тәжірибесімен бөлісіп, болашақ студенттерге тілек видеосын жолдады. Кездесуде оқушыларға арнайы викторина ойнатылып, белсенді қатысушыларға естеліктер табысталды. Ашық есік күні цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебінің 2 құзыреттілік орталықтарына және "Алтын Алтай" мұражайына экскурсиямен жалғасын тапты.

Экскурсия барысында құзыреттілік орталықтарының жетекшілері мен қызметкерлері, білім беру бағдарламаларының жетекшілері мектебіміздің материалды-техникалық базасы мен мүмкіншіліктерін таныстырып, оқушылардың сұрақтарына толық жауап берді.

Декан және оның орынбасары мектептердің кәсіби бағдар берушілерімен оқушылардың қызығушылықтарын талқылап, еліміздің болашақ мықты мамандарын даярлауда бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін атап өтті.