Осындай атаумен Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ және «Шығыс-Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесі онлайн вебинар өткізді. Қатысушылардың қатарында  «Шығыс-Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бақыт, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Жігер Байдилдин және жоғарғы оқу орындарының, колледждердің өкілдері, ғылыми-педагогикалық қызметкерлер  қатысты.

Қоғам ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында ұйымдастырылған кездесуде бірінші болып «Sanaly urpaq» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Қайыржан Токушев баяндама жасады. Айтуынша, қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлықпен күресті жүйелі түрде жүргізу қажет.

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ бұл бағытта белсенді жұмыс атқарып келеді. Академиялық адалдық және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидаларын қалыптастыруға аса көңіл бөледі. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте барлық процестер автоматтандырылды. Гранттарды бөлу, жабдықтар сатып алу, жатақханадан орын алу, студенттердің үлгерімі сынды процесстер электронды форматта қол жетімді болды.

Қатысушылардың туындаған сұрақтарына «Sanaly urpaq» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Қайыржан Токушев жауап беруге дайын екенін жеткізді.