1) ҚР Білім және ғылым министрлігінің AP23484177 «Шығыс Қазақстандағы ең көне жартас суреттерін пәнаралық зерттеу» жобасы (2024–2026 жж.)

Ғылыми жоба Шығыс Қазақстандағы минералды пигменттермен (охрамен) салынған ең көне жартас суреттері феноменін зерттеуге арналған. Жартастағы кескіндемені зерттеудегі басты мәселе – мыңдаған жылдар бойы көптеген суреттердің бүлініп, өңінің соншалықты өшуі, бүгінде оларды жай көзбен көру іс жүзінде мүмкін болмай қалған. Осыған байланысты суреттері бар гроттарды цифрландыруды, үшөлшемді модельдеуді және кейіннен компьютерлік өңдеуді қамтитын кешенді әдістеме қолданылды. Бұл мыңдаған жылдар бойы көзден таса болған «көрінбейтін» өнерді алғаш рет айқындап қана қоймай, оны цифрлық түрде сақтауға және көпшілікке қолжетімді етуге мүмкіндік берді. Өңі өшкен пигментті бейнелерді іздеу және айқындау үшін заманауи әдістерді қолдану нәтижесінде Шығыс Қазақстанда бұрын белгісіз болған көптеген жартас кескіндемесі ескерткіштері ашылды.

2) ҚР Білім және ғылым министрлігінің AP26194541 «Шығыс Қазақстанның қалайы кеніштері ежелгі Еуразия металлургиясы жүйесінде» жобасы (2025–2027 жж.)

Жоба Шығыс Қазақстандағы қалайы өндіру орталығын жан-жақты пәнаралық тұрғыдан зерттеуге және оның ежелгі Еуразия металлургиясының тарихындағы рөлін анықтауға бағытталған. Қалайының сиректігі мен құндылығы осы металдың үздіксіз жеткізілуіне мұқтаж кейбір қоғамдардың тәуелді болуына, ал қалайы кен орындарына қол жеткізе алған басқа қоғамдардың ықпалының артуына әкелді. Қола өндіруге аса қажетті осы шикізат саудасы Еуразияның кең-байтақ аумағын қамтыды, ал қалыптасқан экономикалық жүйеде Шығыс Қазақстанның сирек әрі бай қалайы кен орындары ерекше рөл атқарды. Жоба аясында ежелгі тау-кен ісінің ескерткіштерін іздеу және зерттеу мақсатында Шығыс Қазақстандағы касситерит кен орындарына ауқымды геоархеологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Шығыс Қазақстанның археологиялық ескерткіштерінен табылған ежелгі металл бұйымдарға, қождар мен кендерге кешенді геохимиялық талдаулар (XRF, SEM–EDS) жүргізу қола құю технологияларының пайда болуы мен дамуын қайта қалпына келтіруге негіз болды. Жобаны жүзеге асыру барысында изотоптарды зерттеудің заманауи әдістері де сынақтан өткізілді. Бұл әдістер ғылыми қауымдастықты қалайы жеткізілімдерінің географиясы мен Ежелгі дүниедегі жаһандану дәрежесіне қатысты көптен бері шешімін күткен мәселеге жауап табуға жақындатуы мүмкін.

Соңғы өзгерістер күні:
10.11.2026