2024 жылғы 29 қараша Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Медициналық инжинирингтегі инновациялар. Отандық медициналық құралдар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың үлгілерін дайындау технологиясын әзірлеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл шара BR24992786 «Отандық медициналық құралдар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың үлгілерін дайындау технологиясын әзірлеу» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараға академик Батпенов Н.Д. атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының, «Семей медициналық университеті» КЕАҚ-ның, Санкт-Петербург мемлекеттік техникалық университетінің, «Smart Engineering» құзыреттілік орталығының өкілдері, сондай-ақ Өскемен қаласының ауруханаларынан травматолог-ортопедтер, жақ-бет хирургтері, нейрохирургтер және стоматолог-дәрігерлер қатысты. Жалпы қатысушылар саны 40-тан асты.

Дөңгелек үстелдің басты мақсаты - имплантология саласындағы өзекті мәселелерді, соның ішінде медициналық мақсаттағы отандық бұйымдар мен медициналық құралдардың тәжірибелік үлгілерін әзірлеу және дайындау мәселелерін талқылау болды.

Шараның ашылуында Басқарма мүшесі, ғылым және инновация жөніндегі проректор Жадыра Конурбаева бұл шараның өзектілігін және уақтылы ұйымдастырылғанын атап өтіп, университет инженерлері мен медицина саласының мамандары арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсетініне сенім білдірді.

Академик Батпенов Н.Д. атындағы Ұлттық ғылыми орталықтың жоғары біліктілік санатындағы травматолог-ортопед дәрігері, бөлім меңгерушісінің баяндамасы отандық сүйек тіндеріне арналған импланттарды өндірудің қажеттілігіне арналды. Оның айтуынша, медициналық орталық пен техникалық университет арасындағы тығыз ынтымақтастықсыз бұл бағытты дамыту мүмкін емес.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Smart Engineering» құзыреттілік орталығының жетекшісі Бағдат Азаматов орталықтың сүйек тіндеріне арналған импланттарды дайындау және оларды академик Батпенов Н.Д. атындағы орталықта клиникалық сынақтан өткізу саласында қол жеткізген нәтижелері туралы баяндады.

Сондай-ақ, орталықтың инженер-зерттеушісі Дмитрий Догадкиннің сүйек тіндеріне арналған импланттарды (аралық омыртқа кейдждері) дайындауда 3D модельдеуді қолдану мәселелеріне арналған баяндамасы қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.

Дөңгелек үстелге онлайн қатысқан Санкт-Петербург мемлекеттік техникалық университетінің профессоры, химия ғылымдарының докторы Николай Чарыков медицинада көміртекті наноматериалдарды, атап айтқанда жеңіл фуллерендердің суда еритін туындыларын (С60 және С70) қолдану туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, фуллеренолдарды титан импланттарына жабын ретінде пайдалану қазіргі биомедицинадағы өте перспективалы бағыт болып табылады. Зерттеулер фуллеренолдардың физика-химиялық және биологиялық механизмдерін терең түсінудің бұл салада жаңашылдыққа толы екенін көрсетіп отыр.

Дөңгелек үстел аясында университет пен медициналық мекемелер арасында сүйек тіндеріне арналған әртүрлі импланттарды дайындау, сондай-ақ осы бағытта бірлескен гранттық зерттеулер жүргізу мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар талқыланды.

  Барлық фото