Университетте кезекті  Ғылыми кеңес отырысы өтіп, онда 2025 жылы жүзеге асырылған Академиялық артықшылық стратегиясының негізгі нәтижелері қаралды. Сонымен қатар оқу және ғылым саласына қатысты бірқатар ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды.

Ғылыми кеңес отырысы жағымды жаңалықтан басталды. Елдің энергетика саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Архитектура, құрылыс және энергетика мектебінің деканы Акаев А. . Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің  төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ жасанды интеллектті енгізу бойынша стратегиялық бағыттарды іске асыруға қосқан үлесі үшін Басқарма мүшесі - стратегиялық даму жөніндегі проректор Несіпқалиев У. Е. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Отырыстың басты баяндамасын Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Машекенова А. жасап, стратегияның университеттің 2023–2029 жылдарға арналған даму бағдарламасымен сабақтас жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Негізгі мақсат – халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті, жаңа технологиялық бағыттарды қалыптастыра алатын инженер кадрларды озық даярлау.

2025 жылы университет академиялық артықшылықтың негізгі көрсеткіштері бойынша тұрақты нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінде білім беру бағдарламаларының саны 87-ге жетіп, оның ішінде инновациялық және бірлескен форматтағы бағдарламалар үлесі артты. Цифрлық білім беру ортасы жүйелі түрде дамып, жаппай ашық онлайн курстар кеңейтілді, сондай-ақ барлық білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект элементтері енгізілді.
Кадрлық әлеуетті нығайту мәселесіне ерекше мән берілді. Профессор-оқытушылар құрамының ғылыми дәрежелілік деңгейі 48 пайызға жетіп, шетелдік ғалымдарды тарту тәжірибесі жалғасын тапты. Академиялық ұтқырлық аясында оқытушылар мен білім алушылардың халықаралық тәжірибе алмасуына жағдай жасалды, бірқатар қызметкерлерге ғылыми атақтар берілді.

Ғылыми кеңес отырысында университеттің білім беру сапасы бойынша ұлттық деңгейдегі жетістіктері де атап өтілді. 2025 жылғы «Атамекен» рейтингі нәтижесінде білім беру бағдарламаларының басым бөлігі еліміздегі үздік бағдарламалар қатарынан көрінді. Сондай-ақ металлургия және пайдалы қазбаларды өндіру саласында Қазақстан-Германия ғылыми-технологиялық институтының  ашылуы университеттің инженерлік білім берудегі жаңа кезеңін айқындады.

Бұдан бөлек, отырыс барысында университеттің ағымдағы қызметіне қатысты академиялық және ғылыми бағыттағы бірқатар мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Отырыс қорытындысы бойынша Ғылыми кеңес алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды айқындап, академиялық беделді арттыру, халықаралық әріптестікті кеңейту және инженерлік білім берудің сапасын одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.