Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Наурыз мерекесіне орай «Шаңырақ күні – ұрпақтар бірлігінің символы» атты мәдени іс-шара өтті. Биыл мерекелік шаралар Naурыз Digital форматында ұйымдастырылып, дәстүр мен заманауи технологиялар үйлестірілді. Іс-шараны Жер туралы ғылымдар мектебі ұйымдастырды.
Шаңырақ – отбасы мен ұрпақтар сабақтастығының, бірліктің нышаны ретінде іс-шараның негізгі өзегіне айналды. Кездесу барысында студенттер мен оқытушылар «Өткен мен бүгіннің байланысы» атты бейнероликті тамашалап, «Ұрпақтар құндылықтары» атты интеллектуалдық баттлге және ұлттық дәстүрлерді жаңаша түсінуге бағытталған интерактивті ойындарға қатысты.
«Менің басты адамым» атты ашық микрофон ерекше әсер қалдырды. Қатысушылар өз өмірінде маңызды рөл атқарған жандар – ата-аналары, ұстаздары мен тәлімгерлері туралы шынайы оқиғаларымен бөлісті.
Іс-шараның қорытындысы ретінде «Жанды шаңырақ» символикалық инсталляциясы ұсынылып, ол бірлік пен өзара қолдау, ортақ болашақ идеяларын айқын бейнеледі.

