22 мамырда Алтай мемлекеттік университеті (Барнаул, Россия) әлемнің сегіз елінен 27 делегацияны қабылдады, оның ішінде Н.Темірбеков бастаған Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың делегациясы бар.  Азия университеттері қауымдастығының құрылтай съезіне Қазақстан, Россия, Германия, Армения, Қырғызстан, Қытай, Монғолия және Тәжікстанның университеттерінің басшылары қатысты.

Қауымдастықтың құрылтай съезі жан-жақты ынтымақтастықтың, білімнің, ғылым мен мәдениеттің кең қанат жаюы жолындағы маңызды қадам болды. Онда қауымдастық құру жөніндегі келісімге қол қойылды. Бағдарламалық құжатқа Азия университеттерінің басшылары қол қойды.

 – Біз енді қауымдастық жұмысы үшін жауапкершілікті мойнымызға алдық. Біздің қоғамдық ұйымымыз  әлемдің білім беру кеңістігінде қалай қабылданатыны әрқайсымызға тікелей байланысты,  -  деді Алтай мемлекеттік университетінің ректоры С.Землюков.

Қауымдастықтың Жарғысы, эмблемасы қабылданды, оның басшылары сайланды. Қауымдастықтың президенті болып бірауыздан Алтай мемлекеттік университетінің ректоры С.Землюков сайланды. Қазақстан жоғары оқу орындарынан қауымдастықтың вице-президенті болып ШҚМТУ-дың ректоры Нұрлан Темірбеков сайланды.