Осыменен жетінші рет жеңіс туы төбелерінде желбіреген Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ «Шаңырақ» командасы мемлекеттік тілді білуден жыл сайын облыс әкімінің жүлдесіне өтетін сайыста оқу орнының мерейін тағы бір рет көтеріп тастады. Облысымыздың жоғары оқу орындарының арасында өткен сайысқа Өскемен және Семей қалаларының бірінші қалалық іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен төрт командасы қатысты.
Алғашқы сәлемдесу сайысынан бастап-ақ, суырылып алға шыққан ШҚМТУ командасы өнерімен де, білімімен де көрермендер жүрегін жаулап алды. Сахна сәнін келтірген екі жігіт бір қыздан тұратын команда мүшелері жан-жақты дайындықтарымен қоса жоғары эстетикалық талғамдарын да танытты. Ұлттық реңкке ерекше көңіл бөле отырып, көз алдымызға бірде қазақтың сахара даласын елестетсе, бірде «Түрік маршы» арқылы түркілік тұтастықты мойындатқандай болды, ал енді бір кезекте «Отаным сенсің қазақ - ұлы елім, Сенімен бірге тағдыр, өмірім»,-деп шырқай отырып, патриотизмнің жоғары үлгісін таныта білді. Орындаған әндері мен өлең жолдарының нанымды шыққаны сонша, залдағы көрермені тебіреніссіз қала алмады. Техникалық оқу орнында оқып жүргендеріне қарамастан, гуманитарлық оқу орындарының командалары арасында би мен ән және өлең өнерінің жымдаса өрілген синтезін көрсете алды. Өнерлерін Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен Шығыс облысымыздың құрылғанының 80 жылдығына арнаған команда мүшелері көгімізде тек бейбітшілік болуына тілектестік ретінде оның символы болған көгершінді қалықтата ұшырды. Бір шаңырақ астында жиналып, тату-тәтті өмір кешіп жатқан көпұлтты мемлекетімізді де әдемі бейнелеп берген командаға көрермендер ықыласы ерекше ауды. Мазмұны терең, айтар ойы астарлы осындай сәлемдесудің өзі көп жәйтті аңғартқандай. Бейне бір сахна саңлақтары театрдағы қойылымға дайындағандай дәрежедегі дайындықпен келген «Шаңырақ» командасына сүйсінбеске амалымыз қалмады.
Өнермен бірге тапқырлық пен білімді талап ететін сайыстың келесі: «Ойлан тап», «Бұл кім, ол не?», «Ұтқыр жауап», «Мақал - сөздің мұнарасы» сияқты кезеңдерінде де «Шаңырақ» командасы шашаларына шаң жұқтырмады.
«Өнер табу-өрге шабу» сияқты өз өнерлерін көрсету сайысында «Ұлы қазақ» даласы әнін жай ғана шырқата салмай, ерекше тебіреніспен орындай отырып, залда отырғандарды ерекше толқытты.
Сайыс нәтижесінде үшінші орынды Семей педагогикалық институтының «Достық», екінші орынды С. Аманжолов атындағы ШҚМУ «Шығыс шынары», бірінші орынды Семей медициналық институтының «Шипагер» командалары иеленсе, бас жүлдені айқын басымдылықпен Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ «Шаңырақ» командасы қанжығасына байлады.
Бердюгина Анастасия, Никифоров Сергей, Спрягайло Тимур сынды жүйріктерін жарысқа баптап қосқан ШҚМТУ қазақ, орыс тілдері және ісқағаздарын жүргізу кафедрасы оқытушылар ұжымының жұдырықтай жұмыла отырып, мемлекеттік тілді насихаттап, оның қолданыс аясын кеңейту мен мәртебесін арттырудағы ерен еңбектері осындай нәтиже беріп жатқаны көңілге қуаныш ұялатары сөзсіз. Кафедра ұжымы мемлекеттік тіл абыройының асқақ болуы жолында көптеген игі істер атқарып келе жатқанына басқа сайыстарда да студенттерінің жүлдемен оралып жүргені куә.
«Шаңырақтай» команданы жарысқа баптап қосқан ұжымның шәкірттері әлі талай жарыстарда жүлдемен оралып, облысымыздағы оқу орындарының арасында көш бастап келе жатқан университет мерейін арттыра беретініне сеніміміз мол. Оны:«Жаса, ШҚТУ – инженерлер Отаны! Жеңісіміз арналады бір саған»,- деп шырқата салған сайыскерлеріміздің әндері де айғақтап тұрғандай.
Date of last changes:01.03.2019