Бірқатар жылдар бойы ҚР БҒМ басшылығымен әрқилы мамандықтар бойынша республикалық студенттер олимпиадалары өткізіліп келеді. Биыл «Есептеуіш техника және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша республикалық студенттік пән олимпиадасының екінші кезеңі алғаш рет Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да өтуде.

- Олимпиада әр түрлі университет өкілдерінің танысып, араласуына, тәжірибе алмасуына даңғыл жол ашады, - деді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Нұрлан Темірбеков. - Есептеуіш техника мен бағдарлама жасау - болашағы зор мамандық. Бүгін сіздер өз қабілеттеріңізді барынша көрсетіп, байқауда табысқа жетуге күш салуларыңыз керек.

Олимпиада есептерін шешуге берілген төрт сағатта қатысушылар мамандығы бойынша білімдерін паш етуі тиіс. Байқау қорытындысында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың екінші курс студенті Павел Мехнин 229 балл жинап, жеңімпаз атанды.

ҚР БҒМ екінші дәрежелі дипломын Сұлтан Имбаев (ХИТУ, Алматы), Антон Антонов (Туран университеті, Алматы) алды. Үшінші дәрежелі дипломдарға Дәулет Нұрғали (ХИТУ), Дамир Бейсенбаев (ШҚМТУ), Темірлан Қайырбаев (Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ) ие болды.