Бірнеше онжылдықтар бойы университет ғалымдары мен ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Ч.Ч. Валиханов ат. Тарих және этнология институты арасында тығыз ғылыми ынтымақтастық орнатылған. Университетте институттың бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Алтын Слямқайдарқызы Уалтаевамен сараптамалық кездесу өтті.

Бірлескен жұмыстың нәтижелерінің бірі – «Шығыс Қазақстан облысының тарихы» атты мұрағаттық құжаттар мен материалдар жинағының жарық көруі (құрастырушылар: Ж.С. Әубәкірова, Н.Л. Краснобаева). Аталған басылым Қазақстанның барлық облыстарының тарихына арналған жинақтар сериясындағы 15-том болып жарық көрді.

Жинаққа Шығыс Қазақстан облысының тарихындағы аз зерттелген кезеңдер мен оқиғаларды ашып көрсететін мұрағаттық құжаттар енгізілген. Ғылыми айналымға алғаш рет бірегей дереккөздер – қаулылар, хаттамалар, мәліметтер, анықтамалар, тізімдер, хаттар және басқа да жоғары деректік құндылығы бар құжаттар енгізілді. Жарияланған материалдар XIX ғасырдан XXI ғасырдың басына дейінгі тарихи үдерістер аясында өңірдегі саяси, тарихи-демографиялық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өзгерістерді зерттеу үшін ерекше маңызға ие.

Кездесу барысында жаңа міндеттер айқындалды: орталық пен институт ғалымдарының «Қазақстандағы демографиялық үрдістер: тарихы және өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына, «Еуразиялық кеңістіктегі этнодемографиялық үдерістер: трансформациялар және тұрақты даму сын-қатерлері» XXV халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысуы, сондай-ақ республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өткізу.

Жоспарланған іс-шараларға қатысу ШҚТУ-дың ғылыми әлеуетін дамытуға, институттар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, мамандарды даярлау сапасын арттыруға және өзекті демографиялық әрі әлеуметтік-экономикалық мәселелер негізінде жаңа ғылыми-зерттеу жобаларын қалыптастыруға ықпал етеді.

ХҒЗО DSR