Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті (ШҚТУ) Қазақстан жоғары оқу орындары арасында алғаш рет Horizon Europe бағдарламасының конкурстық іріктеуінен өтіп, жеңімпаз атанды. Бұл — Еуропалық Одақтың ең ірі әрі бәсекеге қабілетті ғылыми-зерттеу және инновациялық бағдарламасы.
ШҚТУ TiBeRIUM (Titanium and Beryllium for European Resilience and Innovative Utilization of Minerals) халықаралық жобасының қатысушылары қатарына енді. Жоба сыни маңызы бар материалдарды тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыруға және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, озық өңдеу технологияларын енгізуге бағытталған.
Аталған жетістіктің маңызы бір ғана университет деңгейімен шектелмейді. Horizon Europe бағдарламасына қатысу — ғылыми зерттеулердің сапасына, жобаларды басқару деңгейіне және халықаралық әріптестікке қойылатын қатаң талаптардан өтуді білдіреді. Географиялық артықшылықтар қарастырылмайтын бұл іріктеуде қазақстандық университеттің жеңіске жетуі — отандық ғылымның әлемдік деңгейде мойындалғанының дәлелі.
TiBeRIUM жобасы аясында Қазақстан мен Өзбекстан аумағындағы титан мен бериллий ресурстары кешенді түрде зерттеледі. Бұл металдар Еуропалық Одақтың сыни маңызы бар материалдар тізіміне кіреді және жоғары технологиялардың дамуына, өнеркәсіптік тұрақтылық пен технологиялық егемендікті қамтамасыз етуге тікелей ықпал етеді.
Жоба консорциумы 12 елден 25 серіктес ұйымды біріктіреді. Атап айтқанда, Германия, Ұлыбритания, Грекия, Испания, Финляндия, Польша, Бельгия, Болгария, Норвегия, Кипр, Қазақстан және Өзбекстан.
Жобаның үйлестірушісі — Германиядағы «Фрайберг тау-кен академиясы» техникалық университеті.
Қазақстан атынан жобаға Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, «Tenir Group» ЖШС және «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ қатысуда. Жобаның жалпы бюджеті 8 млн еуроны құрайды.
Аталған жоба аясында Қазақстан тек шикізат жеткізуші емес, ғылыми зерттеулер, технологиялар әзірлеу және экологиялық тұрғыдан тиімді қайта өңдеу бағыттары бойынша толыққанды әріптес ретінде қатысады. Бұл — «өндіру – экспорттау» моделінен «ғылым – технология – кадрлар – қосылған құн» моделіне көшудің нақты көрінісі.
TiBeRIUM жобасына ШҚТУ-дың қатысуы:
- озық халықаралық технологиялардың трансферін қамтамасыз етеді;
- қолданбалы ғылым мен әлемдік деңгейдегі инженерлік құзыреттерді дамытады;
- зерттеушілер мен инженерлердің жаңа буынын даярлауға мүмкіндік береді;
- Қазақстанның сыни маңызы бар материалдардың жаһандық жеткізу тізбектеріндегі рөлін күшейтеді.
Бұл жетістік — ғылым мен жоғары білім беру саласындағы жүйелі мемлекеттік саясаттың және Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыттың нақты нәтижесі.
ШҚТУ-дың Horizon Europe бағдарламасына қатысуы Қазақстан ғылымының халықаралық ғылыми кеңістікке терең интеграциялануының айқын дәлелі болып табылады.