Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Applying AI to Enhance English Language Teaching to STEM Learners» атты халықаралық курс өз жұмысын бастады.    

Бес күнге жоспарланған курс ағылшын тілі оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыруға және STEM бағытындағы білім алушыларды оқытуда жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану дағдыларын дамытуға бағытталған. Бағдарламаға өңірдегі жоғары оқу орындарының, мектептер мен колледждердің ағылшын тілі оқытушылары қатысуда.

Аталған халықаралық жобаның грант иегері - Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті. Бұл университеттің халықаралық білім беру бастамаларын жүзеге асырудағы белсенді ұстанымын және заманауи білім беру технологияларын дамытуға қосып отырған үлесін көрсетеді.

Бағдарламаның жетекші спикері - АҚШ-тың English Language Specialist бағдарламасының сарапшысы Jeremy Tarbutton. Курс барысында қатысушылар жасанды интеллект негізіндегі заманауи платформалармен жұмыс істеуді үйреніп, оларды сабақ жоспарлау, оқу материалдарын әзірлеу, студенттердің тілдік дағдыларын дамыту және бағалау үдерістерінде қолдану жолдарын меңгереді.

Сонымен қатар курс аясында интерактивті тренингтер, тәжірибелік тапсырмалар, топтық талқылаулар мен тәжірибе алмасу сессиялары ұйымдастырылуда. Қатысушылар халықаралық тәжірибемен танысып қана қоймай, өздерінің кәсіби қызметінде қолдануға болатын нақты әдістемелік шешімдерге қол жеткізеді.

Университет базасында өткізіліп отырған бұл курс Қазақстан мен АҚШ арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, педагогтердің кәсіби қоғамдастығын дамытуға және оқу үдерісіне инновациялық технологияларды енгізуге ықпал етеді.

Курс 2026 жылғы 5 маусымға дейін жалғасады. Бағдарлама соңында қатысушылар жаңа білім мен тәжірибе жинақтап, жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісіне тиімді енгізу бойынша практикалық дағдыларға ие болады.