Университеттің психологиялық қызметі мен Қазақстан Республикасының Қоғам дамуын ақпараттық қолдау қоры, Өскемен қаласы ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызы бар «Жастар арасында суицидтік мінез-құлықтың, құқықбұзушылықтың, лудоманияның алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру» жобасы аясында университет пен Жоғары ІТ колледжі студенттеріне арналған семинар өткізді.

Семинар барысында тәуелділіктің әртүрлі қырлары қарастырылды. Мамандар оның түрлерін (химиялық және мінез-құлықтық), пайда болу себептерін (психологиялық және әлеуметтік), даму тетіктері мен еңсеру тәсілдерін түсіндірді.

Кездесуде психоактивті заттарға (алкоголь, есірткі) тәуелділік пен мінез-құлықтық тәуелділіктің (лудомания - ойынқұмарлық, интернетке, тамаққа тәуелділік) түрлері талқыланды.

Сонымен қатар, тәуелділіктің дамуына әсер ететін факторлар: тұқымқуалаушылық бейімділік, психологиялық ерекшеліктер (стресс, төмен өзін-өзі бағалау), әлеуметтік орта мен мәдени нормалар жайлы айтылды.

Қатысушыларға тәуелділіктің нейробиологиялық негіздері мен оның ми жүйесіндегі «марапаттау» механизмдері түсіндірілді. Сондай-ақ қазіргі заманғы еңсеру тәсілдері - психотерапия, дәрілік ем, қолдау топтары және оңалту бағдарламалары туралы ақпарат берілді.