Ағымдағы жылдың 20-24 сәуірі аралығында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде студент жастар арасында Қазақстан Республикасы Конституциясының маңызын түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру және азаматтық жауапкершілікті нығайту мақсатында бірқатар кураторлық сағаттар ұйымдастырылды.
Іс-шаралар тізбегі аясында университеттің академиялық топтарында спикерлердің қатысуымен мазмұнды кездесулер өтіп, студенттерге Ата Заңның қоғам өміріндегі рөлі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттік билік тармақтарының қызметі, заң үстемдігі қағидаттары және конституциялық құндылықтардың маңызы жан-жақты түсіндірілді.
Кураторлық сағаттардың спикерлері ретінде Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының оқытушылары қатысып, жастармен ашық форматта пікір алмасып, Конституция нормаларының күнделікті өмірмен байланысы жөнінде кеңінен әңгіме өрбітті. Сонымен қатар студенттердің көкейіндегі сұрақтарға жауап беріліп, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Аталған іс-шаралар студенттердің құқықтық санасын арттыруға, ел заңнамасына құрметпен қарауға және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталды. Университетте алдағы уақытта да құқықтық тәрбие мен патриоттық бағыттағы мазмұнды кездесулер жалғасын табады.