9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аясында Астанада білім беру жүйесінде академиялық адалдықты ілгерілетуге бағытталған «Адал білім – адал ұрпақ» республикалық форумы өтті. Бұл күннің таңдалуы қоғамдағы, әсіресе білім саласындағы ашықтық, әділдік және заң үстемдігі қағидаттарына берік ұстанымды айқындайды.

Форумға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің басшылығы, алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының ректорлары мен академиялық қауым өкілдері қатысты.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті форум жұмысына белсене қатысты. Университет ректоры адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттары қазіргі заманғы ЖОО дамуының негізі екенін атап өтіп, мұндай кәсіби алаңдар академиялық этика мәдениетін күшейтуге, әріптестік байланыстарды нығайтуға және үздік тәжірибелерді білім беру процесіне енгізуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Форум барысында білім беру жүйесінің стратегиялық дамуы, жастардың моральдық-этикалық құндылықтарын қалыптастыру, білім беру ұйымдарына деген сенімді арттыру мәселелері талқыланды. Университеттердің жауапкершілік пен сапа орталығы ретіндегі рөліне, бәсекеге қабілетті әрі адал ұрпақ тәрбиелеудегі маңыздылығына ерекше көңіл бөлінді.

Форум бағдарламасы мемлекеттік орган өкілдерінің баяндамаларынан, академиялық адалдықты дамыту тәсілдерін талқылаудан, сондай-ақ Меморандум мен Жол картасына қол қою рәсімінен тұрды.

Іс-шара екі панельдік секцияда жалғасты:

  • Бірінші секция жоғары білімде академиялық адалдықты қамтамасыз етуге арналған стратегиялық тетіктерге арналды. Онда ішкі саясаттарды жетілдіру, цифрлық құралдарды енгізу және Академиялық лиганың рөлін күшейту бағыттары қарастырылды.
  • Екінші секция орта және техникалық білім беру саласындағы басқарушылық шешімдерге, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіз, адал білім беру ортасын қалыптастыру мәселелеріне арналды.

Форум барлық білім беру деңгейлерінің бірлескен әрі жүйелі жұмысы ғана адалдық пен жауапкершілікті өмірлік қағидат ретінде қабылдайтын ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік беретінін көрсетті. Өйткені «адал білім» – «адал ұрпақ» қалыптастырудың кепілі.