Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері ҚХР-дың Тяньцзинь қаласында өткен World Vocational College Skills Competition 2025 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатында қола медаль жеңіп алды.
World Vocational College Skills — техникалық университеттер мен колледждерге кадрлар даярлау саласындағы ең ірі халықаралық іс-шара. Биылғы жылы сайыс рекордтық көрсеткішке жетті: 76 елден 8956 команда, 33 мыңнан астам қатысушы.
«Электромобильдер» құзыреттілігі бойынша Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Лу Бань» шеберханасының студенттері Қазақстан атынан лайықты өнер көрсетті. Біздің білім алушылар инженерлік құзыреттердің жоғары деңгейін көрсетіп, бастапқы іріктеуден бастап финалдық сынақтарға дейінгі барлық кезеңнен сәтті өтті.
Чемпионат қорытындысы бойынша ШҚТУ командасы қола медальға ие болды. Бұл нәтиже Қазақстандағы техникалық білім сапасының артқанын, халықаралық ынтымақтастықтың нығайғанын, технологиялар мен білім трансфері жобаларының табысты дамып жатқанын айғақтайды.
Бұл жетістікке қол жеткізуде «Лу Бань» шеберханасының рөлі ерекше. Ол ШҚТУ базасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Тяньцзинь кәсіптік институтының қолдауымен құрылған. Шетелдік білім беру филиалдары, бірлескен шеберханалар және халықаралық дайындық бағдарламалары қазіргі таңда бәсекеге қабілетті инженер кадрларын қалыптастыруда стратегиялық рөл атқарады. Олар заманауи жабдыққа, технологияларға және оқыту әдістемелеріне қол жеткізуді қамтамасыз етіп, қазақстандық жастарға әлемдік кәсіби аренаға жол ашады.
ШҚТУ студенттерінің қола медалі — бұл тек университеттің ғана емес, бүкіл Қазақстанның техникалық білім беру жүйесінің жетістігі. Бұл еліміздің жаһандық білім беру экожүйесіне белсенді қатысып, дұрыс бағытта дамып келе жатқанын дәлелдейді.
Командамызды құттықтаймыз! Осы жетістікке жету жолында студенттерімізді қолдаған оқытушыларға, Тяньцзиньдегі серіктестерге және барша жанашырларға алғыс білдіреміз.
Жас инженерлердің бұл табысы жаңа буын мамандарын шабыттандырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына ықпал етсін!