Ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінде Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Басқарма төрағасы-ректор, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Рахметуллина Сәуле Жәдігерқызы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау шеңберінде студенттермен кездесті.

Сәуле Жәдігерқызы кездесу барысында, Жолдау халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, адам өмірінің, әсіресе кәмелеттік жасқа толмаған жастардың қауіпсіздігін қорғауға, қоғамдағы негізгі түйіткілді мәселелерді дер кезінде шешуге, қазақстандықтардың мүддесін жақсартуға бағытталғандығын сөзге тиек етті. Сондай ақ, ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы, соның ішінде техникалық мамандардың жетіспейтіндігі айтылды. Біздің университет осы мақсатта, мамандарды даярлау және жұмыспен қамту мәселелерін шешу үшін өңірлік және республика көлеміндегі ірі кәсіпорындармен белсенді ынтымақтасады. Сәуле Жәдігерқызы студенттерді кәсіби білімдерін жоғары деңгейде меңгеруге, еліміздің лайықты азаматтары болуға, сол арқылы Жаңа Қазақстанның құрылысына белсенді қатысуға шақырды.