Университетте «Шығыс жылу» АҚ басшылығы мен өкілдері Сәулет, құрылыс және энергетика мектебінде «Жылуэнергетика» және «Электроэнергетика» білім беру бағдарламаларының студенттерімен кездесуі өтті. Іс-шара кәсіпорын базасында дуальды оқытуды ұйымдастыру мәселелеріне және студенттердің нақты өндірістік ортада кәсіби қалыптасу мүмкіндіктеріне арналды.
Кездесу барысында «Шығыс жылу» АҚ өкілдері кәсіпорын қызметін таныстырып, оның құрылымы, өңірдің жылуэнергетикалық кешеніндегі өндірістік қуаттары, сондай-ақ білікті инженерлік кадрларға деген қажеттілік туралы баяндады. Дуальды оқытудан өту шарттарына, студенттердің өндірістік үдерістерге қатысуына, тәжірибелі мамандар тарапынан тәлімгерлік көрсетілуіне және кейінгі жұмысқа орналасу перспективаларына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар Университеттің Мансап орталығының қызметкерлері дуальды оқытуды ұйымдастыру тетіктерін, университет пен кәсіпорын арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін және осы оқыту форматының студенттер үшін артықшылықтарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Дуальды жүйе студенттерге теориялық білімдерін тәжірибеде бекітіп қана қоймай, оқу барысында жұмыс беруші талап ететін кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Кездесу ашық әрі еркін пікір алмасу форматында өтті: студенттер жұмыс режимі, мансаптық өсу мүмкіндіктері және болашақ мамандарға қойылатын талаптар жөнінде сұрақтар қойды. Кәсіпорын өкілдері өндірістік ортаға студенттерді ерте кезеңнен тартудың маңыздылығын атап өтіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара қызығушылық танытты. «Шығыс жылу» АҚ базасында дуальды оқытуға студенттердің қатысуын кеңейту жоспарлануда, бұл өңірдің энергетика саласы үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда маңызды қадам болмақ.