Шығыс Қазақстан облысында Өңірлік ғылым кеңесінің II отырысы өтті. Бұл маңызды шара ғылымның өңірді дамытудағы стратегиялық рөлін және инновацияларды нақты секторға енгізудің өзектілігін айқындай түсті.
Аталған отырыс Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында ұйымдастырылды. Бүгінде университет өңірдегі ғылыми білім мен технологиялық шешімдерді қалыптастыратын жетекші орталықтардың бірі болып табылады.
Іс-шара бағдарламасы аясында қатысушылар университеттің инфрақұрылымымен танысты. Атап айтқанда, практикалық бағыттағы жобалар жүзеге асырылатын «Лу Бань» шеберханасының қызметі ұсынылды. Сондай-ақ ВКТУ-дың ғылыми жобалары көрмесіне ерекше назар аударылды. Көрмемен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жеке танысты.
Көрме барысында өңір басшысына университеттің бірқатар маңызды ғылыми жобалары таныстырылды. Атап айтқанда, «DIGITAL SOCIAL RESEARCH» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы демография саласындағы зерттеулерін ұсынып, әлеуметтік үдерістерді терең талдауға және адами капиталды дамытуға ғылыми негізделген тәсілдер қалыптастыруға бағытталған жұмыстарымен бөлісті.
Сонымен қатар, ВКТУ археологтары мен IT-мамандары бірлесіп жүзеге асырған бірегей жоба таныстырылды. Ғалымдар жасы шамамен төрт мың жылды құрайтын жартас суреттері бар ежелгі үңгірлердің иммерсивті VR-реконструкциясын ұсынды. Жоба көпжылдық археологиялық зерттеулерге және ежелгі бейнелерді талдау мен қалпына келтіудің заманауи цифрлық технологияларын қолдануға негізделген. Бұл бастама мәдени мұраны сақтау және оны кеңінен насихаттау үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сондай-ақ «Қорғаныш және функционалдық жабындар» ғылыми орталығының өнеркәсіпте қолдануға арналған жаңа буын материалдарын әзірлеуге бағытталған зерттеулері ұсынылды.
Отырыс барысында мазмұнды ғылыми баяндамалар тыңдалды. «VERITAS» артықшылықтар орталығының жетекшісі Ернат Кожахметов ұнтақты металлургия әдістері арқылы бұйымдар өндіруге арналған импортты алмастыратын технологиялар мен материалдарды әзірлеу және енгізудің ғылыми-техникалық қамтамасыз етілуі туралы баяндама жасады. Бұл жобаның өңір мен ел үшін стратегиялық маңызы зор екені атап өтілді. Себебі ол импортты алмастыруды дамытуға, технологиялық тәуелсіздікті арттыруға және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Өңір әкімі мұндай әзірлемелердің маңыздылығына тоқталып, қолданбалы ғылымды дамыту және оны өндіріс саласымен тығыз байланыстыру тұрақты экономикалық өсімнің және жоғары технологиялық өндірістерді қалыптастырудың негізгі факторы екенін атап өтті.
Өңірлік ғылым кеңесінің отырысы ғылым, білім, бизнес және мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтатын тиімді диалог алаңына айналды. Мұндай іс-шаралар ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге және өңірдің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Ғылым қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған салтанатты марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Марапатталғандардың қатарында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ғалымдары да бар: С. Айтбаева, А. Алексеенко, М. Баталова, С. Комлев, А. Сағидұғұмар, А. Саденов, А. Серікбайқызы.
Әріптестерімізді лайықты марапаттарымен құттықтаймыз! Оларға жаңа ғылыми жетістіктер, тың идеялар және ел игілігі жолындағы табысты жобалар тілейміз!