ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің бастамасымен Шәкәрім университетінде 2025 жылғы мамырдың 23-24 күндері Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай,«Абайдың толық адам ілімі: ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас» республикалық жастар форумы ұйымдастырылды. Екі күнге созылған форумға еліміздің түкпір-түкпірінен келген  жоғары оқу орындарының әлеуметтік және тәрбие істері бағытындағы проректорлары, жастар саясаты департаменттерінің өкілдері мен белсенді студенттері қатысты.

Форум мақсаты: Абайдың «Толық адам» ілімін жастар арасында насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және заманауи көзқарастармен байланыстыру. Жастарды Абайды оқуға, оның ілімін өзінің ішкі жан дүниесінде қорытып, өмірде ұстанымға айналдыра білуге үндеу.

Форумға университетіміздің Әлеуметтік және жастар саясаты департаментінің бас маманы Мансия Амринова, Жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы, «Студенттік Ассамблея» ұйымының төрағасы Диляра Төрегелдиева және «Еркін сөз» дебат клубының төрағасы Аяна Зақанова қатысты.

Форумның Пленарлық отырысына Назарбаев Университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Ұлттық мәдениет орталығының басшысы Гүлтас Құрманбай, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы,  «ХХІ ғасыр білім беру жүйесіндегі mainstream – «Толық адам» ілімі» тақырыбын кеңінен тарқатқан Шәкәрім университетінің «Абай және ұлттық руханият» ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі, ф.ғ.к. Ақмарал Смағұлова, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің баспасөз хатшысы, абайтанушы, әуезовтанушы Әзімхан Исабек сынды ғалымдар мен ұстаздар баяндама жасады. 

Іс-шара барысында еліміздің жоғары оқу орындарының белсенді студенттері, соның ішінде, университетіміздің студенттері Д. Төрегелдиева (23-БЖК-1) және А.Зақанова (23-БЭК-1) ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.   

Республикалық жастар форумы аясында «Болашақ көшбасшы – бүгінгі жастар» семинар-тренингі өтті. Бұл іс-шараны «Абай облысы ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен «Абай жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Форумға қатысушы қонақтар Семей қаласының көрікті жерлері мен тарихи-мәдени орындарын (Абай ескерткіші, Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған «Ұстаз бен шәкірт» ескерткіші, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражай-қорығы, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайы) аралап, Семей қаласының рухани және мәдени өмірімен жақынырақ танысып, естелік суретке түсті.  Кешке «Қарагөз» студент-жастар театрының әртістері қонақтарға өз қойылымдарын ұсынды.

Форумға жиналған жастардың белсенділігін арттырып, олардың пікір алмасуына үлкен мүмкіндік берген «Жастар – болашақ драйвері» TED talks-інде қатысушылар өз ойларын ортаға салып, жаңа идеяларымен бөлісті. Пікірталас  «ShakarimQuiz» интеллектуалды ойынымен жалғасты.

Форумның маңыздылығы жастар мен жастар саясаты саласының мамандары арасындағы байланысты нығайту болса, еліміздің әр өңірінен келген жастардың тәжірибелері мен идеялары жаңа серіктестіктер мен ынтымақтастыққа жол ашты.

Форум аясында қатысушылар Абайдың туған жеріне саяхат жасап, мәдени мұрамен терең танысты, алдымен Күшікбай монументіне аялдап, Абай, Шәкәрім, Мұхтарлар талай мәрте су ішкен Күшікбай бұлағынан дәм татты. Кейін Мұхтар Әуезовтің туған жері Бөріліде болып, жазушының музей-үйінен рухани әсер алды.

«Еңлік-Кебек» ескерткішіне, сосын ұлы ақынның кіндік қаны тамған жер – Сырт Қасқабұлаққа келіп, домбыра бейнесіндегі ескерткіш жанында естелік суретке түсіп, ерекше әсерге бөленді. Жидебайдағы Абай музей-үйіне ат басын тірегенде, қонақтарды Абай ауданының өнер ұжымы «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблі Абай әндерімен, әдемі көрініспен қарсы алды.

Ақынның өз жобасы бойынша салынған қыстауы – қазіргі мәдениет ордасында форум қатысушылары дала данышпанының өмірі мен шығармашылық жолынан толық мағлұмат алды. Оның өзі тұтынған заттарын өз көздерімен көріп, қолмен ұстап, сырына қанықты. Абай-Шәкәрім мемориалдық кешенінде бір әулеттен шыққан қос данышпанның рухына арнап тағзым етілді. Сондай-ақ, форум қонақтары «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» тақырыбында Абай шығармаларын орындап, сүбелі талдау жасады.

Екі күнге жоспарланған мәдени-танымдық іс-шараның бағдарламасы аясында Ұлы ақынның рухы мен шығармашылығына тағы бір мәрте жақындатқан, осы форумның жоғары дәрежеде өтуіне мұрындық болған Шәкәрім университетіне зор алғысымызды білдіреміз!