Челябинск қаласының Оңтүстік-Орал мемлекеттік университетінде Қазақстан мен Ресей ректорларының форумы өтті. Форумға көрші мемлекеттердің жетекші жоғары оқу орындарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Білім министрлері қатысты.

Форум қатысушылары үш бағыт бойынша тақырыптар талқылады: білім беру – адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты факторы  ретінде; заманауи жоғары оқу орындарының инновациялық қызметін дамыту және ынталандыру; сондай-ақ  Қазақстан мен Ресей жоғары оқу орындары арасындағы стратегиялық әріптестік.

Сондай-ақ форумда ғылым саласында жаңа жас есімдердің пайда болуына мүмкіндік беретін олимпиада қозғалысының дамуы талқыланды. Мысалға, Мәскеу мемлекеттік университетінің басшысы әр университетте, орталық не  аймақтық ЖОО болсын, «Силикон алқаптарын» құру бастамасын ұсынды.

– Қазірдің  өзінде Өскеменде біздің университетімізде ұқсас оқу-тәжірибелік орталықтардың пилоттық жобасы жұмыс істеп жатыр, – деп Д. Серікбаев ат. ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов атап өтті. – Алдымыздағы қараша айында Новосібір қ. келетін ғалымдар мен оқытушылардан құралған үлкен делегациямен аталған бағытта тәжірибе алмасу үшін кездесулер өткізу жоспарланған.

Кездесу соңында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры және Оңтүстік Орал мемлекеттік университеті ректоры ғылым және жоғары білім саласындағы бірлескен жобалар туралы меморандумға қол қойды.

https://altaynews.kz/archives/56574

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-нің баспасөз қызметі